Он екі күннен бері отқа оранған «Ақ Жайық» резерватындағы өрт сөнді

Автор: Темірхан Айжан

Өрт 1510 гектар аумаққа жайылды 

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1510 гектар аумақты шарпыған өрт бүгін сағат 14:00-де толықтай сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

13 маусымнан бастап тілсіз жаумен күресуге 200 адам қатысты, 40 техника бірлігі мен «Қазавиақұтқару» АҚ-ның екі МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды, 396 тонна су төгілді. Өрттің жайылып кетуіне  жол бермеу үшін арнайы тракторлар арқылы минералды қорғаныс жолақтары салынды.

Резерват аумағында төтенше жағдайдың алдын алу үшін ТЖД қызметкерлері, полиция және резерват қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етуді жалғастырып жатыр.

Еске салсақ, он екі күн бұрын Атырау облысының Еркінқала ауылынан шамамен 15 шақырым жердегі «Ақ Жайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында шамамен қамысты алқап өртеген.