9 млн теңге: Жетісуда ірі мал ұрлығы әшкереленді (ВИДЕО)
Бірнеше ауылда мал жоғалған
Жетісу облысында мал ұрлығына қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олар бір ауылдан кейін бір ауылға шабуыл жасап, ірі қара малдарды айдап әкеткен. Шығын көлемі 9 миллион теңгеден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
- Бірінші оқиға Муканшин ауылдық округінде тіркелген – жайылымнан 9 бас ірі қара ұрланған. Залал көлемі – 2,5 миллион теңге.
- Келесі ұрлық Алғабас ауылының шетінде болған – 14 бас ірі қара жоғалып, мал иесі 7 миллион теңгеден астам шығынға батты.
Үш күдікті қолға түсті
Екі ер адам қамауға алынды
Полиция жедел іздестіру нәтижесінде Талдықорған, Көксу ауданы және Алматы облысы аумақтарынан екі күдіктіні – 51 және 37 жастағы ер адамдарды ұстады. Қазіргі уақытта екеуі де тергеу изоляторында.
Күдікті көлік жүргізушісі ұсталды
Сондай-ақ Алматы облысының тұрғыны басқарған MAN жүк көлігі тоқтатылып, 14 бас ірі қаратәркіленді. Тергеу нұсқасына сәйкес, жүк көлігі иесі ұрланған малды сатып алып, тасымалдаумен айналысқан.
Қылмыстық іс қозғалды
Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.
«Мал ұрлығы үшін үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған. Қазір ұсталғандардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», – делінген полиция хабарламасында.