Атырау облысында жоғалған баланың денесі өзеннен табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол рұқсат етілмеген жерде суға түскен

Атырау облысында жоғалып кеткен баланың денесі табылды, деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Өткен түнде сағат 01:56-да  Атырау қаласы, Еркінқала-2 кентінде 2009 жылы туған кәмелетке толмаған баланы іздестіру жұмыстары жүргізілді. Ол 10 маусым күні сағат 18:00-де велосипедпен шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен.

«Бүгін таңертең кинологиялық есеппен Орал өзенінің жағалауынан велосипед пен баланың заттары табылды. Сағат 8:10-да Атырау облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының 5 қызметкері, 1 бірлік техника, 1 кинологиялық есеп және 1 жүзу құралымен суға кеткен баланың денесі шығарылды», - делінген хабарламада.

Өзеннен табылған бала рұқсат етілмеген жерде суға түскен.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауды ескертеді.