Үндістандағы ұшақ апатынан ешкім тірі қалған жоқ - бортта 242 адам болған
Оның ішінде 14 бала болған

Үндістанның батысындағы Ахмадабад қаласынан ұшып шыққан Air India әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, борттағы 242 адам түгел қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ұшақ бүгін әуежайдан ұшып шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң тұрғындар тұратын ауданға құлаған. Air India мәліметінше, ұшақ Ұлыбритания астанасының оңтүстігінде орналасқан Гатвик әуежайына бағыт алған.
Полиция қатты күйген 100-ден астам мәйіттің жергілікті мемлекеттік ауруханаға жеткізілгенін хабарлаған.
«Ұшақ дәрігерлер тұратын жатақханаға құлаған... біз аумақтың 70-80%-ын тазаладық, жақында қалған бөлігін де тазартамыз», – деп мәлімдеді полицияның жоғары лауазымды офицері.
Үндістанның CNN News-18 телеарнасының хабарлауынша, ұшақ BJ медициналық колледжінің мемлекеттік жатақханасының асханасының шатырына құлап, көптеген медицина студенттері қаза тапқан.
Reuters дереккөзі мәлімдегендей, жолаушылардың арасында 217 ересек адам, 11 жасөспірім, 2 бала болған. Air India хабарламасына сәйкес, олардың 169-ы Үндістан азаматтары, 53-і британдықтар, жеті португал және бір канадалық болған.
Flightradar24 ұшу мониторингі сайтының деректеріне сәйкес, ұшақ Boeing 787-8 Dreamliner моделіне тиесілі – қазіргі уақытта қолданыстағы ең заманауи жолаушылар ұшақтарының бірі. Бұл апат ел тарихындағы ең ірі әуе апаттарының бірі саналады.