Сотталушылардың бірі 33 жаста, екіншісі 43 жаста
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚК-нің 120-бабы «Кәмелетке толмаған адамды зорлау» бойынша екі санитар-бақылаушыға үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталушылар өз айыптарын мойындамаған. Жәбірленуші кәмелетке толмаған қыз зорлықтан кейін жүкті болып, аборт жасатқан. Ол 17 жаста, «шизофрения» дертіне шалдыққан. Екіншісі 21 жастағы науқас ауруханада ауыр күйзелістен емделіп жатқан.
Судья Самедин Темірәлиев жәбірленушінің жүктілігі оның облыстық психиатриялық орталықта емделу кезеңімен сәйкес келетінін айтып, айыптауларды толық растайтынын мәлімдеді.
Санитарлар Түркістан облыстық «Психикалық денсаулық орталығының» №3 әйелдер бөлімшесінде 10 жыл бойы жұмыс істеген. 2024 жылы шілде айында, түнгі 00:00 сағат шамасында орталықта емделіп жатқан науқастар Б. және сол кезде кәмелетке толмаған өзінің іс-әрекетіне жауап бере алмайтын Қ.-ны бөлімшенің теледидар көретін бөлмесінде және аулаға шығатын баспалдақтың алаңшасында еркінен тыс бірнеше рет зорлаған.
Прокурор сотталушылардың әрқайсысын 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленушілер мен олардың өкілдері және адвокаттары қатаң жаза тағайындауды сұрады. Ал, сотталушылар қылмыстық әрекеттер дәлелденбеуіне байланысты өздерін ақтауды сұраған.
Сотталушылар 33 жастағы Даржановтың 2 баласы, 43 жастағы Дүйсебаевтың 6 жасөспірім баласы бар. Сот осыны ескеріп, оларды ҚК-нің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1 тармағымен кінәлі деп танып, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, әрқайсысына 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Жәбірленушілер Б. мен Қ.-ның пайдасына әрқайсысына 10 млн. теңгеден моральдық зиян өндірілді. Сонымен қатар, жәбірленуші Б.-ның пайдасына адвокат қызметіне төленген 600 мың теңге өндірілді.
Үкім заңды күшіне енбеген.