Жүк пойызының машинисті шұғыл тежегісті қолданды
Қарағанды облысында екі жасар баланың рельске шығып кетуі салдарынан пойыз шұғыл тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Қарағанды-Ақадыр учаскесінің Қарағанөзек-Қарабас асуында болған. Жүк пойызының машинисі рельстегі баланы байқап қалып, шұғыл тежегішті басқан. Жарақат алған баланы ата-анасы Қарағандыдағы балалар ауруханасына жеткізді.
«Қазақстан темір жолы» ҰК баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға туралы ақпарат Қарағанды-Сұрыптау стансасының желілік полиция бөліміне берілген.
Компанияның баспасөз қызметі теміржол инфрақұрылымы нысандарында жүру қауіпті екенін еске салды.
"ҚТЖ ата-аналарды мұқият болуға және балаларды теміржол инфрақұрылымы нысандарының жанында қадағалауға шақырады. Теміржол - қауіпті аймақ", - деп атап өтті ҚТЖ.
Еске сала кетейік, өткен айдың басында Алматы облысында темір жолдан мәйіт табылған болатын. Жүк пойызы бөгде адамның темір жолға шығып кетуіне байланысты шұғыл тежеуді қолданған.