Оның 402-сі сексуалды зорлық
Қазақстанда жыл басынан бері кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 879 қылмыс жасалған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмағандарға қатысты 879 қылмыс жасалған. Оның 402-сі сексуалды зорлық. Мұндай әр жағдай - трагедия. Ол баланың тағдырына кері әсер етеді», - деді министр.
Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың 70 пайызын жәбірленушінің жақындары мен айналасындағы адамдар жасайды. Кейде мұндай қылмыстар жылдар бойы жалғасады.
«Жыл басынан бері сексуалды зорлық-зомбылық қатысты жаза күшейтілді. Педофилия, балаларға қатысты жасалатын қылмыс үшін 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру енгізілді. Дегенмен полиция жұмысын күшейткенімен бұл мәселені шешу мүмкін емес. Зорлық-зомбылықтың 70 пайызы жәбірленушінің жақындары мен айналасындағы адамдармен жасалады. Оның ішінде әке, өгей әке, шешесімен бірге тұрып жатқан азаматтармен, көрші және жақын таныс, туыстармен жасалады қылмыстар жылдар бойына жалғасатын көрінеді», - деді ол.
Сонымен қатар министр жыл басынан бері 58 бала өз өмірімен қоштасқанын және тағы 138-і өміріне қол сұғуға талпынғанын атап өтті.