Ол кішкентай баласын алып, 5-қабаттан секіріп кетуге талпынған
Көкшетауда 2 жасар баласын алып, көпқабатты үйдің төбесінен секіріп өлмек болған 36 жастағы әйелді ТЖД мамандары құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына дер кезінде жеткен құтқарушылар, полицейлер мен өрт сөндірушілер ана мен баласын құтқару үшін шатырдан төмен түсуге шешім қабылдаған.
«Құтқарушылар альпинистік құралдардың көмегімен дыбыс шығармастан ғимарат шатырынан түсіп, әйелді терезеден ішке қарай итеріп түсірді. Құтқарушылардың бірі әйел мен баланы ұстап тұрып, екіншісі полицейлерге есік ашты. Бөлмеде 4 жастағы тағы бір ұл болған. Абырой болғанда, зардап шеккендер болған жоқ, - деді Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.
Суицид жасамақ болған әйелді құтқармақ болған құтқарушылар автосатының көмегімен жоғары шықпақ болған.
«Автосатымен үйге жақындаған сәтте әйел бар даусымен айғайлап, өзіне жақындамауды талап етті. Айтқанын орындамасақ алдымен баласын лақтырып, кейін өзі секіріп кететінін айтты. Біз бес қабатты үйдің техникалық қабатынан бесінші қабатқа түспек болдық. Екі құтқарушының көмегімен дыбысымды білдірмей төмен түстім. Жан даусымен бақырып айғайлап жатқан әйел мені байқамады. Терезе тұсына төмендеген мен оны терезеден ішке итеріп түсірдім. Мені итеріп сыртқа қайта шықпақ болды. Дегенмен, сол сәтте әріптесім Нұрхан Әшімғалиев те жетіп, есікті ашып, әйелді дәрігерлер мен полицейлерге табыс еттік», - деді Көкшетау қаласы құтқарушылар бөлімінің басшысы Роман Шевченко.
Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, Ақмола облысында олар жылына ондаған адамды суицидтен құтқарады екен.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы