Су қоймасы 1967 жылы салынған және содан бері күрделі жөнделмеген
Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы 58 жылдан кейін, яғни, 1967 жылы салынғаннан бері бірінші рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сүйенсек, осы күндері ұзындығы 4 шақырымнан асатын Көшім су каналы жөнделіп біткен. Киров су қоймасының бөгеті 84%-ға жөнделді.
«Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін Киров су қоймасындағы барлық жөндеу жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отыр. Жөндеуден кейін су қоймасының сыйымдылығы артып, Батыс Қазақстан облысындағы 12 мың гектардан астам жерді суаруға мүмкіндік береді», - деп хабарлайды дереккөз.
Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Қойманың сыйымдылығы – 62,9 млн текше метр.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайхановтың айтуынша, министрлік 37 су қоймасына кешенді түрде қайта жаңғыртпақ. Мәселен, былтыр Ақтөбе су қоймасы да араға 36 жыл салып жөнделген екен. Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасы да жөнделіп жатыр.