Англияда жүргізуші 27 адамды көлікпен басып кетті
Полиция оқиғаның терроризмге байланысты емес екенін мәлімдеді

Англияда жүргізуші бір топ футбол жанкүйерін көлікпен жаншып өтіп, салдарынан 27 адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
53 жастағы ер адам «Ливерпуль» футбол командасының жеңісіне арналған шеруге қатысқан адамдар тобына көлікпен кіріп кеткен.
Оқиға орнында 20 адамға медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем қызметі ауруханаға жеткізілген 27 адамның төртеуі бала екенін айтты. Бір бала мен бір ересек адамның жағдайы ауыр. Өрт сөндірушілер көлік астында қалып қойған төрт адамды құтқарған.
Полиция оқиғаның терроризмге байланысты емес екенін айтты. Күдікті ұсталды, ол 53 жастағы ливерпульдік ағылшын ер адам болып шықты. Көлік тоқтағаннан кейін ашулы жанкүйерлер оны қоршап алып, терезелерінен ұрғылай бастаған. Полиция дер кезінде араласып, жүргізушіні құтқарып қалды.
Челси есімді куәгер әйелдің айтуынша, көлік көпшілікке қарай жоғары жылдамдықпен келіп соққан. Оны көргендер айғай салып, бір-бірін ескерткен. Кейбір тұрғындар жол жиегіне шығып үлгірген.
«Біз елдің шуына мән беріп қана аман қалдық. Дер кезінде жол шетіне шығып үлгірдік», - деді ол.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер мен «Ливерпуль» клубы мәлімдеме жасап, полициямен тікелей байланыста екенін және зардап шеккендердің тез аяққа тұруына тілекші екенін жеткізді.