Өсімдіктердің нарықтық құны 14 млн теңгені құрайды
ҚР ҰҚК Павлодар облысы бойынша департаменті жедел-іздестіру іс-шараларының барысында құрамында есірткі зат бар өсімдіктерді «гидропоника» әдісімен заңсыз егіп-өсіруге қатысы бар тұрғынды ұстады. Бұл туралы ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
«25 мамырда жалға алынған әрі есірткі зертханасының тиісті жабдығымен жабдықталған гаражды тінту барысында құрамында есірткі зат бар өсімдіктің«голландтық» және «мексикалық» элиталық сорттарының 28 түбі (нарықтық құны шамамен, 14 млн теңге), сондай-ақ сату үшін дайындалған есірткі өнімі табылды», - делінген ақпаратта.
Осы факт Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» деген 297-бабының 3-бөлігі бойынша СТБТ-ға тіркелді.
Алынған заттар бойынша сот-химиялық сараптама тағайындалды.
Қазір Павлодар қаласының тұрғынының үстінен сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.