АҚШ-та әскери отбасылар тұратын үйлерге ұшақ құлап, бірнеше адам қаза тапты

Автор: Темірхан Айжан

Аудандағы 100-ге жуық адам эвакуацияланды

Фото: Reuters

Калифорния штатының Сан-Диего қаласындағы тұрғын ауданға Cessna 550 үлгісіндегі жеке ұшақ құлап түсті. Салдарынан бірнеше үй мен көлік өртке оранып, адамдар қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС-дің жазуынша, Сан-Диего полициясы екі адамның мерт болғанын растаған.

Sound Talent Group атты жергілікті музыкалық агенттіктің мәлімдеуінше, ұшақ бортында болған агенттіктің 3 қызметкері де қаза тапқан. АҚШ-тың Азаматтық авиация федералды басқармасы ұшақта алты адам болғанын хабарлады.

Полицияның мәлімдеуінше, өртенген үйлердің тұрғындарының ішінде ауыр жараланғандар жоқ. Бір адам ауруханаға түсті, қалғандарына оқиға орнында медициналық көмек көрсетілді. Барлығы он үй зардап шеккен, оның ішінде біреуі толығымен қираған.

Сан-Диего қаласының өрт сөндіру қызметі басшысының орынбасары Дэн Эдди баспасөз мәслихатында ұшақ сынықтары 400 метрге дейін шашылған. Көше бойындағы көліктер жанып кеткен.

Апат кезінде күн тұманданып тұрған. Ұшақ Сан-Диегодағы Мерфи-Кэнион ауданында құлаған. Бұл ауданда негізінен әскери қызметкерлердің отбасылары тұрады, жақын маңда бірнеше әскери база орналасқан. Ауданда шамамен 9600 тұрғын бар, қазіргі сәтте 100-ге жуық адам эвакуацияланды.

Дэн Эдди ұшақтың, болжам бойынша, Montgomery Field әуежайына бағыт алғанын айтты.