Ол адам алалауды білмейтін дейді жары Гүлмира Зербай
Журналист Дана Нұржігіттің YouTube-тегі бағдарламасында қонақ болған Гүлмира Зербай жары, марқұм журналист Бейсен Құранбек туралы естелігін айтып, оның жоғары адами қасиеттерін үлгі етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бейсен болмысынан өте қарапайым адам болатын. Оны ел теледидардан көрген соң, аспандағы жұлдыздай көреді ғой. «Бейсеке, Бейсеке» деп алдында құрақ ұшатындар көп болды. «Жетісу» телеарнасында директор болып тұрған кезде, өз командасымен әртүрлі іссапарпен ауылдарға баратын. Сондайда өзі төрге отырмай, жасы үлкен шопырын төрге шығаратын. Ондайда «Менің лауазымым үлкен болғанымен, сіздің жасыңыз үлкен, сіз бата беріңіз», - дейтін. Оның адамдарды алаламайтын қасиеті болды», - дейді Гүлмира Зербай.
Ол жарының тағы бір таңғалдырарлық адамгершілігін еске алды.
«Бір күні телеарнаға үлкен теледидар сыйлыққа беріледі. Сонымен ұжымда «Мұны кімге береміз?» деген талқы басталады. Сол жерде продюсерлер, редакторлар, Бейсекеңнің орынбасарлары мен көп жылдар бойы жұмыс істеген журналистер бар. «Кімге береміз» деп шуласып жатқанда, Бейсекаң тыңдап отырады да, «Берік ағайды шақырыңыздар» дейді. Ол - аула сыпырушы кісі. Бәрі аң-таң болып, «Неге оған береміз?», деп сұрайды. Сонда Бейсекең: «Сендердің темекілеріңнің тұқылын жинайтын кім? Ауланы тап-таза болып тұрғаны кімнің еңбегі?», -деп бір ауыз сөзбен Берік ағайға беріпті», - дейді спикер.
Гүлмира Зербайдың сөзінше, Бейсен Құранбек өзі басшылық қызметте отырса да, адамды лауазымына қарай бөлуден аулақ болған.