Шынасыл Абзал Шерзатты пышақтадым деген жауабынан бас тартты
Бүгін сотта Шерзат Полатты пышақтады деген басты күдікті Шынасыл Азбал тараптардың сұрақтарына жауап беріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шынасыл Абзал мен басқа күдіктілердің адвокаттарынан кейін прокурор мен жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап беріп жатыр.
Бұған дейін хабарлағынымыздай, Шынасыл Абзал тергеу барысында Белғожаев Шыңғыспен сөз байласқанын, яғни, Шынасыл Абзал Шерзаттың өлімін мойнына алатынын, ал Шыңғыс Белғожаев Нұрқанат Ғайыпбаевты пышақтағанын мойнына алады деп келіскендерін айтқан.
Бүгін сотта Шынасыл Абзал Шерзатты кім пышақтағанын білмеймін деді. Осыған қатысты прокурор Шынасыл Абзалдан «неге дәл Белғожаевпен келістіңіздер?» деп сұрады.
«Белғожаевтың қолында бәкі болғаннан кейін», - деп жауап берді ол.
«Яғни, Шерзат Полатқа пышақ салғаныңызды жоққа шығарасыз ба?», - деді прокурор.
-Иә, - деді Шынасыл Абзал.
-Онда оған кім пышақ салды?, - деді прокурор.
«Білмеймін, айта алмаймын, арамыздағы біреу деп ойлаймын», - деді Шынасыл Абзал.
Осы сөзден кейін прокурорды тоқтатқан төрағалық етуші сот Ержан Жанұзақов Шынасыл Абзалды тоқтатып, сұрақ қойды.
«Кешіріңіз, араларыңыздағы біреу деп ойлаймын дейсіз бе?. Қай араларыңыздағы?», - деді сот.
«Сотталушылардың арасынан біреуміз», - деді Шынасыл.
Осы сәтте прокурор «Белғожаев болуы мүмкін ба?» деп сұрады одан.
«Жоқ, өйткені ол маған бәкіні қолданған жоқпын деп айтқан», - деді Шынасыл.