Ақмола облысында ер адам суға батып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға суға түсуге тыйым салынған жерде болған

Зеренді ауданының Красный Кордон селосының іргесіндегі су қоймасына суға шомылған жігіт тұншығып қайтыс болды деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құтқарушылар 32 жастағы ер адамның денесін су түбінен іздеп тапқан.

Батып кеткен жігіттің денесінде ешқандай қорғаныс құралдары болмағаны анықталды.

Сондай-ақ, Бурабай көлінде катамаранмен жүзіп келе жатқан үш адамды төтенше жағдай қызметкерлері құтқарды. Олар серуендеп келе жатқанда су көлігінен техникалық ақау шығып көл жағасына жете алмай қалған. Абырой болғанда, құтқарушылар дер кезінде көмекке жетіп, адамдар аман қалды. Демалушылар медициналық көмекке мұқтаж болмаған.

«Өңір тұрғындарын суға түсу маусымы кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Демалыс орындарында болғанда алкогольді және есірткі заттарын пайдалану аса қауіпті. Сондай-ақ, көп жағдайда адамдар қайықтан, катерден суға секіріп мерт болып жатады. Тексерілмеген және тыйым салынған аймақтарда белгіленген шекарадан асып барып суға шомылудың арты қайғылы жағдайдың орын алуына әкелуі мүмкін. Суға жүзуге арналмаған құралдарды пайдалану адам өміріне қауіп төндіреді. Көл түбіне түрлі заттарды тастап кету де адамдарды жарақаттайды. Әсіресе, балаларды ересектердің қатты бақылауы қажет. Түнгі уақыттарда суға түсу кезінде де сақ болған жөн. Адамдардың шомылу маусымында жарақаттануы немесе қайтыс болуына жол бермеу үшін біз полиция қызметкерлерімен бірлесіп демалыс орындарында және рұқсат етілмеген су қоймаларында күнделікті рейд жүргізудеміз, - дейді Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов.