Ол екі апта бойы ес-түссіз жатты
25 мамыр күні Алматыдағы блок-бекеттің бірінде болған жантүршігерлік апатттан 2 полиция өкілі көз жұмып, үшінші полицей ауыр жағдайда ауруханаға түскен болатын. 26 мамырда жол апатынан зардап шеккен үшінші полицейдің бас сүйегіне операция жасалды. Бүгін Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жәбірленушінің денсаулық жағдайына қатысты жауап беріп, Ербұлан Сейдазымның өз бетінше сөйлеп, жүріп-тұра алатын халге жеткенін айтты.
«Науқастың жағдайы жақсарып келеді. Есін жиды, сұрақтарға өз бетінше жауап бере алады. Қайда жатқанын, уақыттың қай мезгіл екенін біледі. Бірақ, әлі де арасында басы айналып, ауырады. Палатада өз бетінше қимылдап, жүре алады», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз жетекшісі Набира Эсенова.
Ол әлі де арнайы мамандандырылған бөлімде ем алып жатыр. Басқарма өкілі оған қатысты емдеу, күтім, қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Еске салайық, 25 мамыр таңғы уақытта Алматыдағы №4 блок-бекетте BMW автокөлігі аса жоғары жылдамдықта полиция көлігін соққан болатын. Көлікте отырған екі инспектор қаза тапты. Мас жүргізуші көлікке соқтығысар алдында жолда тұрған тағы бір полицей Ербұлан Сейдазымды қағып кеткен.