Іле Алатауының інжу-маржаны Есік көліндегі жалғыз әжетхана, қайықшылар мен «жабайы» туризм

Автор: Azattyq Rýhy

Фоторепортаж 

Фото: Әсет Құндақбаевты

Елімізде тылсым табиғаты көз тартатын көрікті жерлердің бірі - Есік көлі. Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданына қарасты тау бөктеріндегі су бассейіні – тұп-тұнық. Іле Алатауының теріскей баурайында,  Есік қаласынан 17 шақырым қашықтықта мен мұндалайды. Айналасын қарағайлы шыңдар мен ну орман көмкеріп тұр. Теңіз деңгейінен 1759 метр биіктікте орналасқан Есік көлінің қазіргі көрінісі мен туристерге жасалған  жағдай туралы Azattyq Rýhy фоторепортаж ұсынады.

Табиғат аясында серуендеуге келген әр адам Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің бақылау  бекетінен 477 теңге 18 тиын төлеп өтеді.

Мұнда келушілердің қарасы қалың. Демалыс күндері автотұрақта көлік қоятын орын табу оңай емес.

Көлдің ұзындығы 755, ені 325 метрден асады деген дерек бар. Алайда, көл бұрынғы арнасынан әлдеқайда кішірейіп, суалған. Бұған, бұрын қойылған тосқауыл бөгеттер дәлел іспетті. Олар жағаға шығып қалған.

Су деңгейі мен бөгеттерді облыс әкімдігіне қарасты ТЖД қадағалағанмен, жағажайды реттеп, туризмді дамыту Ұлттық парктің міндеті. Алайда, бұл жерде гид те, ұлттық парк қызметкерлін де кездестіре алмайсыз.  Есесіне, қолдан соққан орындық пен столдарды жалға беріп жүрген  жас балалар жүр. Жағалауда осындай отызға жуық «беседка» қойылған. Жалдау құны бір мың теңге.    

Ерекше қорғаудағы аймақ саналатын Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі аумағында от жағуға рұқсат жоқ. Алайда, келімді-кетімді кісілер мұны аса елей қоймайтын сияқты. Тас ошақта қазан көтеріп, кәуап пісіретіндер көп.

Көлдің жағасында шашылып жатқан қоқыс қалдықтарынан көз сүрінеді. Демалыс орынын тазалап кеткісі келетін туристер қалдықтарды бір жерге жинақтап, тастап кетуі тиіс. Ол төрт бұрыштап қойылған мына бетон қалқан. 

Көл жағасында табыс көзі – қайық. 10-15 адам отырып, шағын көлді шарлап келу бір адам үшін мың теңге тұрады. Кезек күткен туристер баршылық.

Қазақ туризмінің басты проблемасы бұл жерде де кездеседі. Көлдің маңында да, орман ішінде де әжетхана жоқ. Демалушылар «қажетін» өтеу үшін жүз метр тауға шығып, автотұрақ жанындағы ағаш әжетханаға ғана бара алады. Оның өзі адам айтқысыз лас.  

Іле Алатау мемлекеттік ұлттық паркі  баспасөз қызметінің мәліметінше, көл де оның айналасындағы жер де құжат жүзінде оларға қарасты емес. Алайда, ұлттық парктің аумағында туризмді дамыту олардың мойынында. Өкініштісі, Саяхатшы Петр Семенов-Тян-Шанский Іле Алатауының інжу-маржанына теңеген Есік көлін дамыту туралы жоспары тек сөз жүзінде қалған. Себебі, аумақ бірнеше министрлікке қарайды.

«Бұл жерде кәдімгідей бас ауыртатын мәселелер бар. Жер Іле Алатауының аумағында орналасқанымен, территориясы бөлек. Десе де,  біз  туристерге тегін демалыс өткізуге мүмкіндік жасаймыз, «беседка» сынды демалу орындары жалға берілмейді. Егер ондай фактілер тіркелсе ауыл шаруашылығына қарасты компанияға  хабарласу керек шығар. Сондай-ақ, біз көлде қайықтың жүруіне қарсымыз. Ол үшін табиғатты қорғау прокуратурасына хат жаздық, кейін көлік инспекциясы келіп қайықтың иелеріне айыппұл салумен шектелді», - деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркінің бөлім жетекшісі Тілек Әділжанов.

Ұлттық парк өкілі өлкеде туризимді дамытуға қатысты қандай да бір нақты жоспарлармен бөлісу туралы сұраққа тек ресми сауалхат негізінде жауап берілетінін жеткізді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы