Жарақат алған жолаушы аудандық ауруханаға жеткізілді
"Астана - Қарағанды - Алматы" автожолында ВАЗ автокөлігі киіктермен соқтығысты, деп хабарлайды Azattyq.
«ҚазАвтоЖолдың» мәліметінше оқиға 17 мамыр сағат 03:00 шамасында автожолдың 1395 шақырымында (Қарағанды облысы, Ошаған ауылының маңы) болған.
«Теміртау қаласы бағытында кетіп бара жатқан ВАЗ автокөлігі киіктермен соқтығысып, оның салдарынан жолаушы зардап шекті, ол жедел көмек көрсету үшін аудандық ауруханаға жеткізілді», - деп жазылған хабарламада.
Компанияның хабарлауынша апат орын алған учаскеде жол учаскесі құрғақ, таза және тегіс. Оқиға орын алған сәтте қозғалысқа шектеу қойылмаған және жол белгілері нормативтік талаптарға сай қойылған. Автожолдың бойында жануарлардың шығып кетпеуі үшін торлар орнатылған.
«Алдын ала мәлімет бойынша киіктердің жаппай қоныс аударуына байланысты торлардың бір бөлігі бұзылып, жабайы аңдардың жолға шығуына себеп болды. Қазіргі таңда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жолдың басқа да учаскелері тексерілді», - деп жазылған хабарламада.
«ҚазАвтоЖол» қызметкерлері қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шараларға қарамастан, жүргізушілерге қараңғы кезде мұқият болып, жылдамдық режимін сақтауға шақырды. Сондай-ақ жолдың жүріс бөлігіне жабайы аңдар және үй жануарлары шығып кетуі мүмкін екенін ескертті.