Жаңа заң жобасы қаралып жатыр
Елімізде құқық бұзушылық туралы хабарлаған азаматтарды ынталандыру жүйесі енуі мүмкін. Парламент Мәжілісінің кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген ішкі істер министрінің орынбасары бұл туралы көңірек айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ryhy.
Оның айтуынша, қазіргі таңда заң бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы «қоғамдық көмекшілер» институты жұмыс істеп келеді. Олар полициямен бірге рейдтерге қатысып, заң бұзғандарды анықтауға көмектеседі. Бұл адамдар арнайы келісіммен жұмыс істеп, белгілі бір мерзімде сыйақы алады.
Жаңа заң жобасына сәйкес, құқық бұзушылық немесе қылмыс туралы дер кезінде хабарлаған қарапайым азаматтар да ынталандырылады. Оларды жергілікті әкімдіктер ынталандыра алады. Оның түрі мен тәртібін жергілікті мәслихат бекітеді.
«Егер бір өңірде қоқыс тастау мәселесі өзекті болса, әкімдік мәслихатқа ұсыныс енгізіп, сол мәселе бойынша хабар берген тұрғындарға ақшалай сыйақы немесе қоғамдық көлікке тегін жол жүру билетін беруі мүмкін», - деді вице-министр.
Заң жобалары Мәжілістің алғашқы тыңдалымнан өтті.