Соғыс басталғанда ол бар-жоғы 6 жаста еді
Ұлы Жеңіс майдан даласында жауға оқ жаудырмаса да, тылда жүріп бар ауыртпалықты көтерген жандардың арқасында келді. Қара жұмысқа жегіліп, ашқұрсақ, жалаңаяқ жүрсе де, сарбаздардың қамын жасағандардың ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Сол ұрпақтың өкілі, зұлмат жылдардың тірі куәгері Нұрсейітов Түленді Ерғалиұлының өмір шежіресі бүгінгі ұрпаққа зор өнеге, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен қазақ азаматы, бүгінде 90 жасқа толған Түленді Ерғалиұлы Алматы облысы Қонаев қаласында тұрады. Ол 1935 жылы қаңтар айында Ресейдің Астрахан облысы, Володар ауданында дүниеге келген.
Әкесінен ерте айырылған Түленді Ерғалиұлын анасы жалғыз тәрбиелеп өсірді. Ол алты жасқа толғанда ел басына қара бұлт үйірген сұрапыл соғыс басталып кетеді. Ойын баласы сол уақыттан бастап ауыр еңбекке араласты.
«1941 жылы бар-жоғы алты жаста едім. Соғыс жылдары халықтың тұрмысы өте ауыр болды. Елді аштық пен жоқшылық жайлады, нанды адам басына 200 грамнан ғана беретін. Электр жарығы жоқ, қыста үйді жылыту үшін қамыс жақтық. Ер азаматтар майданға аттанып, тылда тек әйелдер мен балалар қалдық. Бала болсақ та, қолымыздан келгенше жұмыс істедік. Шамамен сегіз жасымнан бастап «Жаңа жол» колхозында еңбекке араластым. Колхоз малының қысқы шөбін дайындап, үлкендерге көмектестім», - деп ақсақал қиын заманды еске алды.
Ардагер соғыстан кейінгі жылдары да ауыл шаруашылығына белсенді араласады. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін сол колхозға жұмысшы болып орналасады.
Түленді Ерғалиұлы 1953 жылы Саратов қаласында 10 айлық бухгалтерлік курсты, кейін Астрахан қаласында бір жылдық курсты тәмамдайды. Кейін ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп, 1994 жылға дейін есепші-экономист болып еңбек етті. Ардагер жарты ғасырлық еңбек жолында елдің дамуына үлес қосты.
Қазір 91 жасқа таяған қария өз шаңырағында, ұрпақтарының ортасында ғибратты ғұмыр кешіп отыр. Аяулы жарымен 53 жыл отасып, 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 12 немере, 8 шөбере сүйіп отырған ардақты ата.