Тәркіленген есірткінің қара базардағы жалпы құны - 190 миллион теңге
Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік желі арқылы есірткі сатқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі altaynews.kz-ке сілтеме жасап.
«Полицейлер олардың гаражын тінтіген кезде 19 мың дана пакетке оралған есірткі тәркілеген. Мұның қара базардағы жалпы құны 190 миллион теңге. Төрт күдікті Өскеменде, ал олардың екі басшысы Алматыда қолға түскен. Олар интернет ресурстары арқылы есірткі өткізуді қолға алған. Клиенттер тапсырыс ақысын онлайн төлеп отырған. Одан кейін сатып алушыға әлеуметтік желі арқылы есірткіні қай жерден алу керектігі туралы хабар беріліп келген. Жеткізіп беруші ұсталып қалмау үшін тауарды далаға жасырып кетіп жүріпті», - деп жазады басылым.
ШҚО ПД хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.