Сот оның шағымын қанағаттандырған жоқ
Астаналық жігіт ұнатқан қызына 5 млн теңге аударып, кейін ақшасын қайтарып алуды талап етіп, сотқа арызданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жігіт сотта қызбен интернет арқылы танысып, кейін «WhatsApp» мессенджері арқылы хат алмасып тұрғанын айтты. Қыз хат алмасу барысында одан денсаулығына байланысты материалдық көмек сұраған. Жігіт Kaspi қосымшасы арқылы, оның телефон нөміріне ақша аударған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында ер мен әйелдің арасында жеке романтикалық қарым-қатынастар болғаны анықталды, осыған орай жігіт материалдық көмекті ерікті түрде көрсеткен.
Сондықтан сот ер адамның шағымын құптамады. Жігіт үкімге келіспей тағы да шағымданған, бірақ үікм өзгеріссіз қалды.
«Тараптар арасында қарыз шартына сәйкес міндеттемелердің болғанын дәлелдейтін айғақтар ұсынылмаған. Kaspi сервисі арқылы жүргізілген аударымдарда ақшаны қайтару немесе басқа да міндеттемелер туралы шарттар болмаған»,- делінген хабарламада.
Азаматтық кодекстің 954-бабына сәйкес, қайырымдылық, материалдық көмек немесе сый ретінде берілген ақша негізсіз баю ретінде қайтарылуға жатпайды.
Сот актісі заңды күшіне енді.