Пандемия: Өтпей қалған спорт шаралары есебінен бюджетке 4,3 млрд теңге қайтарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Токио олимпиадасы 2021 жылға қалдырылды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пандемия салдарынан кейінге қалдырылған халықаралық және республикалық деңгейдегі спорт шаралары есебінен ел бюджетіне 4,3 миллиард теңге қайтарылғанын айтты.

«Пандемияға байланысты шілденің аяғы, тамыз айының басында өтуі тиіс Токио олимпиадасы кейінге шегерілді. Бүгінгі таңда біздің спортшылар жаттығуын қайта бастап жатыр. Олимпиада 2021 жылға шегерілгендіктен, биылғы жарты жылдықта 4,3 млрд теңге республика бюджетіне қайтарылды», - деді ол.

Сондай-ақ министр есептік кездесуінде алғаш рет спортшылардың Спорттық этикасына арналған құжат әзірленіп, бекітілгенін айтты. Одан бөлек, ел аймақтарында 100 дене тәрбиесі-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады деді.

«Жалпы есеп беру кезеңінде елімізде жаңа 1,3 мың  спорт нысаны салынды. Олардың қатарында «Жекпе-жек» спорт кешені, олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің атындағы көпфункционалды сауықтыру кешені, Ольга Рыпакова атындағы заманауи жеңіл атлетика кешені бар», - деді министр.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан