Астанада қолына пышақ алып, танымайтын адамды аңдыған кісі 15 күнге қамалды
Айыпталушы өз нұсқасын айтты

Астананың мамандандырылған ауданаралық сотында танымайтын кісінің ізін аңдыған ер адамға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Г. есімді адам жылдам тамақтану кафесінде отырған жерінен асығыс түрде қолындағы пышақпен көшеге шығып, белгісіз адамның артына түскен. Осылайша ол қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын өрескел бұзған. Алаңдаған азаматтар бұл фактіні бейнеге түсіріп, «Instagram» әлеуметтік желісінде жарияланған.
Айыпталушының түсіндіруінше, ол кафеге кофе ішуге кірген, сол кезде одан белгісіз екі адам ақша талап етіп, «сыртқа шығуды» ұсынған. Ол қорыққандықтан өзімен бірге пышақты алғанын айтты. Олардың арасында жанжал туындаған кезде, Г. пышақпен қорқыта бастаған, содан кейін екі адам қашып кеткен, ол қорқыту үшін біреуінің ізіне түскен.
Сот қаулысымен Г. ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.
Қаулы заңды күшіне енді.