Гарвард университеті Трамп әкімшілігін сотқа берді

Автор: Темірхан Айжан

Дональд Трамп Гарвардқа мемлекеттік қолдауды қысқартып тастаған 

Фото: AP/ Evan Vucci

Гарвард университеті АҚШ-тың федералды сотына шағым түсірді. Оқу орны Трамп әкімшілігінің шешімімен тоқтатылған 2,2 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыруға қатысты әрекетті заңсыз деп танып, оның күшін жоюды талап еткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС-дің хабарлауынша, Трамп әкімшілігі Гарвардқа DEI (әртүрлі, теңдік, инклюзивтік) бағдарламаларын доғару, сондай-ақ университет кампустарында бетперде тағуға тыйым салу жөнінде талап қойған. Бұл талаптар орындалмаған жағдайда, оқу орнын мемлекеттік қолдаудан айыратынын мәлімдеген.

Осылайша Гарвард университеті 2,2 миллиард көмектен айырылды. Сонымен қатар, университетке салықтық жеңілдіктер мен шетелдік студенттерді қабылдау құқығынан айыру қаупі де төніп тұр.

Гарвард өкілдерінің мәлімдеуінше, Трамп әкімшілігінің әрекеті АҚШ Конституциясына қайшы келеді және сөз бостандығын шектейді. Университет бұл жағдайды «ғылым мен білім саласына үкіметтік бақылау орнату әрекеті» деп бағалап отыр.

Гарвард президенті Алан Гарбер қаржыландырудың тоқтатылуы бірқатар ғылыми жобаларға, оның ішінде балалар обыры, Альцгеймер және Паркинсон ауруларын зерттеуге кері әсерін тигізетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Трамп әкімшілігі соңғы апталарда бірнеше жоғары оқу орнын, оның ішінде Принстон және Колумбия университеттерін де қаржыландырудан айырған. Алайда Гарвард – үкіметке қарсы сотқа жүгінген алғашқы университет.

Осы жағдайға қатысты Ақ үй мен жауапты мемлекеттік органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.