Блок-бекеттегі болған қайғылы жағдайға қатысты тергеуді ІІМ жүргізеді

Автор: Azattyq Rýhy

Министр істі өз бақылауына алды 

Алматыда 2 полицейдің өлімімен аяқталған блок-бекетте болған жағдайға байланысты тергеу ісі Ішкі істер министрлігіне берілді. Бұл туралы Алматы облысы Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев онлайн форматта өткен халық алдындағы есептік кездесуінде айтты.

«Аталған жол-көлік оқиғасын тергеуді Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті жүргізеді, министр бақылауға алды», - деп жауап берді.

Еске салсақ, 25 мамырда Алматы маңындағы блок-бекеттердің бірін бұзып өтпекші болған мас жүргізуші полиция көлігін соғып, салдарынан екі полиция қызметкері бақилық болды. Оқиға орнында Жарас Жанғазиев қайтыс болды. Оның қызметтегі серігі Дастан Әбдіқанов екі сағат өткенде ауруханада көз жұмды. Жарас Жанғазиевтің артында кәмелет жасына толмаған екі қызы мен аяғы ауыр әйелі қалды. Ал аға сержант Дастан Әбдіқановтың жары мен бір айлық сәбиі болған. Одан бөлек, тағы бір полиция қызметкері ауруханада жатыр. Апаттан жараланған үшінші полицейдің бас сүйегіне операция жасалды.