Кремль Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі
Ресей Федерациясының Жоғарғы соты 2003 жылдан бері террористік ұйымдар тізімінде болған «Талибан» қозғалысының қызметіне салынған тыйымды ресми түрде тоқтатты. Бұл шешім дереу күшіне енеді және ұйым енді Ресейдегі террористік топтар қатарында саналмайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл шешім Ресей Бас прокуратурасының талап-арызы негізінде қабылданды. Соттың мұндай шешім қабылдауына былтыр «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңға енгізілген түзетулер себеп болды. Егер ұйым Ресей мүддесіне қарсы террористік әрекеттер мен үгіт-насихатты тоқтатса, оның мәртебесі қайта қаралуы мүмкін.
«Талибан» қозғалысы Ауғанстанда билікке келгеннен кейін, Ресей билігі бұл топпен байланыс орнатудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Кремль Ауғанстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Талибанмен» ынтымақтастық орнатуды маңызды стратегиялық қадам ретінде қарастырып отыр.
«Талибан» өкілдері бұған дейін де Ресей аумағындағы халықаралық форумдарға қатысқан. Алайда бұл қатысу формалды түрде қылмыстық жауапкершілікпен шектелген еді. Енді бұл кедергілер жойылып отыр.
Айта кетейік, жуырда Қазақстан мен Қырғызстан да «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен алып тастағанын ресми түрде мәлімдеген болатын.
Мәскеудің бұл қадамы Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен саяси тұрақтылықты сақтау жолында жасалған геосаяси шешім ретінде бағалануда. Сонымен қатар бұл — «Талибан» қозғалысы үшін дипломатиялық жеңіс.