Абырой болғанда полиция қызметкері ер адамды құтқарып қалған
Бүгін, 18 сәуір күні таңертең Астана тұрғыны қаладағы «Арқар» көпірінен секіріп кеткен. Оны көшедегі бейнебақылау камерасынан байқаған полиция капитаны оқиға орнына тез жетіп, оны құтқарып қалған, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Полиция капитаны Нұрсұлтан Динабеков оқиға орнына тез жетіп, Есіл өзеніне секіріп, ер адамды аман алып шыққан. Оқиға орнына жедел жәрдем келіп, оны алып кетті», - деп хабарлайды Астана полициясы.
Капитан Нұрсұлтан Динабеков бұны ерлік емес, өзінің қызметтік парызы деп біледі.
«Ойланып тұратын уақыт жоқ еді. Өзім суда жақсы жүзетін болған соң сенімді едім. Бұл – менің адам ретінде де, полиция қызметкері ретінде де парызым еді», - дейді ол.