Алайда сот істі Талдықорғанда қарай беретін болды
Бүгін, 17 сәуір күні Талдықорған қаласында Шерзат Полаттың ісіне қатысты соттың тергеуі басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекеттік айыптаушыға сөз бермей тұрып сот тараптардың бәрімен танысып, оларға құқықтары мен міндеттерін түсіндірді. Одан кейін судья сот процессіне қатысты кімнің қандай өтініштері бар екенін сұрады.
Сотталушы Қалиахметтің қорғаушысы Баймұханова сөз алып, сотты Алматыға ауыстыруды сұрады. Бұдан өзге ол өз қорғауындағы адаммен сөйлесе алмай отырғанына наразылық танытты.
«Құрметті төраға, алдыңғы сот отырысында жәбірленушілдердің өкілі айтқан пікір тыңдалмады. Сот залындағы сотталушылармен заң нормаларына сәйкес оларды қорғаудағы құқығымыз бұзылып отыр. Сотталушыға, яғни, қорғауымдағы адамға еш жағынан келе алмаймын. Жан-жағы қоршалған. Өткен сот отырысында Сіз Алматы облысында тергеу изоляторында жоқ дедіңіз. Менің білуімше Алматы облысында соңғы 50-60 жыл ішінде тергеу изоляторы болған жоқ, бірақ, қылмыс жасағандардың бәрі Алматыдағы 72 мекемесінде отыр. Бізге де Талдықорғанға келу өте қиын. Жәбірленуші тарапына да ауыр, ол жақта үлкен кісілер бар, денсаулықтары сыр берген. Сондықтан, сот отырысын Алматы қаласына ауыстырыңызды сұраймын», - деді адвокат.
Одан кейін жәбірленушілердің адвокаты да сотқа дәл осындай өтініш айтты. Бірақ, сот іс Жетісу облысының Талдықорған қаласында өтетінін айтып, онлайн қосылуға рұқсат берген жоқ.