СҚО-да инспекция маманы ресейлік кәсіпкерден 500 мың теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ресейлік кәсіпкерге бұрғылау қондырғысын облыс аумағында кедергісіз тасмалдауға қамқорлық танытқан болуы мүмкін

фото: Батыржан Беспаев

«Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы» РММ-нің маманына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі хабарлады.

«Ол Ресей Федерациясының жеке кәсіпкерінен бұрғылау қондырғысын облыс аумағында кедергісіз тасымалдау және әрі қарай жалпы қамқорлық көрсету үшін 500 мың теңге сомасында пара алуда күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Күдікті Петропавл қаласының Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіге қатысты соңғы шешімді оның кінәсінің дәрежесін анықтаумен сот шығарады.