Алаяқтар декреттегі ананың атынан 9 млн теңге несие алған: банктер тұтынушы құқығын бұзып отыр ма

Автор: Темірхан Айжан

Мәжіліс депутаты ІІМ банктердегі сыбайластықты анықтауы тиіс дейді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Алаяқтар айлық табысы 67 мың теңге болатын декреттегі мұғалімнің атынан 9 млн теңге несие алған. Оларға несиені рәсімдеп берген үш банк қарызды әйелдің нақты өзі алып жатқанына көз жеткізбеген. Банктер бала күтімімен үйде отырған ананың сыртынан құжаттары мен табыс туралы анықтамасын көрмей жатып несиені бере салған. Бұл сұмдық жағдай туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов жария етті. Оған алаяқтарға алданған әйел келіп, өзінің басынан өтіп жатқан жағдайды айтып берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агентігі қатаң шаралар қабылдағаннан кейін 3 ай өткенде, яғни 2024 жылғы 26 қарашада болған.

«Мен сағат 11:30 бен 13:00 аралығында Астанада үйде болдым, ол кезде декреттік демалыста едім. Осы уақытта үшінші тұлғалар менің атымнан Қарағанды қаласындағы үш банктен бір уақытта несие рәсімдеген. Жалпы сомасы 8 млн 661 мың теңге. Несие рәсімдеу барысында менің үй жағдайымдағы бейнем арқылы биометриялық тексеріс жүргізілген. Алаяқтар менімен бейнеқоңырау арқылы байланысқан екен. Бұл менің Қарағандыда болмағанымды, банктің бөлімшесінде ешқандай әрекет жасамағанымды дәлелдейді. Бірақ әр банк менің биометриядан өткенімді тіркеген», - дейді мұғалім.

Сол уақытта әйелдің бала күтімі бойынша 67 мың теңге айлық табысы болған. Ал алаяқтар айына 300 мың теңге төлемге несие алған.

«Мен бұл несиелердің алаяқтық жолмен, менің дербес деректерім мен жалған құжаттар арқылы рәсімделгеніне сенімдімін», - дейді декреттегі ана.

Депутат осындай кезде қоғам көбіне алаяқтардың құрбаны болған адамды кінәлауға дайын тұратынын айтып, сынады. Оның сөзінше, бұл мәселе ең біріншіден, Үкіметтің банктерге көптеген құқық беріп қоюынан туындап отыр.

«Көпшілік алаяқтардың арбауына түскен тұрғынды қаржылық сауаты жоқ, аңқау деп кінәлап жатады. Ал банктердің, қадағалаушы органдардың, құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі көбіне назардан тыс қалады», - деді депутат.  

Оның сөзінше, жәбірленушілердің бір ортақ белгісі бар: олар өмірінде банк қызметіне жүгінбеген, несие рәсімдемеген, банк бөлімшесіне бармаған, тек еңбекақы, зейнетақы немесе жәрдемақы алу үшін ғана банк картасын қолданады.

«2024 жылы тамызда Үкімет, Ұлттық банк, Цифрлық даму министрлігі және Қаржылық реттеу агенттігі бірлесіп жаңа заң қабылданғанын жариялаған болатын. Бұл заң алаяқтық жолмен онлайн несие рәсімдеуге тосқауыл қояды деп уәде етілген еді. Алайда, өкінішке қарай, ұсынылған қатаң талаптардың көпшілігі қабылданбады. Үкімет бұл ұсыныстарға қарсы пікір білдіріп, банктердің табысы төмендеп, микроқаржы ұйымдарының жұмысы тоқтап қалатынын, азаматтардың несие алу құқығы шектелетінін алға тартқан. Мен онлайн алаяқтықтың, оның ішінде банктік алаяқтықтың себептерін бір жылдан астам уақыт бойы зерттеп жүрмін. Түрлі қылмыстық схемаларды, олардағы мемлекеттік құрылымдардың рөлін егжей-тегжейлі қарастырдым. Бір қызығы, бұл схемалардың көбі мемлекеттік органдардың өзі рұқсат еткен «айла-шарғылардан» туындап отыр», - дейді ол.

Мұрат Әбенов алаяқтық схеманың іске асуына қандай факторлардың себеп болып отырғанын тізіп шықты: 

  • Министрлік жеке банктерге азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңбасын (ЭЦҚ) олардың келісімінсіз жасауға мүмкіндік берген.
  • Банктер клиенттің қатысуынсыз шот ашуға және несие рәсімдеуге рұқсат алған.
  • Заңсыз жолмен банктер несие шарттарын клиенттің атынан рәсімдей алады.
  • Биометриялық сәйкестендіру жүйелері біріздендірілмеген, мемлекет тарапынан тексерілмеген.
  • Қолданушылар жүктеп алатын мобильді қосымшалар заң талаптарына сай тексерілмейді.
  • «Антифрод» жүйелері істемейді, банктер клиенттің төлем қабілеттілігін тексермей-ақ, өздеріне тиімді несие береді.
  • Банктер азаматтың атынан «сенімді телефон нөмірін» тіркеп, алаяқтық әрекеттерді жүзеге асырады.

«Бұл жағдайда жәбірленуші кінәлі емес. Ол мемлекеттік органдарға, банктерге және цифрлық қауіпсіздік жүйесіне сенді. Бірақ, өкінішке қарай, оның сенімі ақталмады. Келесі аптадан бастап бұл мәселені құжаттар негізінде егжей-тегжейлі зерттеп, тиісті органдардан түсініктеме сұрайтын боламыз. Айта кетейік, жуырда біз тағы бір заңды қабылдадық. Онда менің бастамаммен банктер биометрия талаптарын бұзған жағдайда несиелерді сотсыз есептен шығару қарастырылған. Алдағы заң жобасында биометрия бойынша талаптарды қатаңдату және «сенімді нөмірлерді» пайдалануға тыйым салу ұсынылады», - деді депутат.

Мұрат Әбенов халықтың қалтасын қағып, қарызға батырып жүрген алаяқтарға банктер несие беруге болмайтынын түсінбейінше, бұл мәселе жалғаса беретінін айтты. Ол ІІМ ішкі жүйедегі сыбайластықты анықтап, қылмыстық схемаларды толық ашуға тиіс деп мәлімдеді.