«Жеке бақылауымда»: Меркіде шетелден келген мототуристердің біріне ер адам екі рет пышақ сұққан
Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды

Жамбыл облысының Меркі ауданындағы жанармай құю бекетінде суық қару қолданып, шабуыл жасаған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Меркі ауданында Шымкентке жол тартқан мототуристердің бірін ер адам жанармай бекетінде пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде таралды. Аталған қылмысты жасаған күдікті ұсталды. Іс министрдің жеке бақылауында.
«Жәбірленуші шетел азаматына полицейлер жедел көмек көрсетіп, ауруханаға жетуін қамтамасыз етті. Медициналық көмек көрсетілді. Ол ауруханаға жатудан бас тартты. Өміріне қауіп жоқ. Күдікті қылмыс ізін суытпай қашпақ болған сәтінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс бойынша тергеу барысы тікелей менің бақылауымда. Жаза бұлтартпастығы қағидасы толық сақталатын болады. Барлық кінәлі заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылады», - деді ішкі істер министрі Ержан Сәденов.