Оқиға Щучинск қаласында болған
Тіркелмеген тегіс ұңғылы 16 калибрлі мылтығын алып шыққан ер адам көршісінің итін атып тастаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Құқық қорғаушылары тергеу амалдары барысында оның деструктивті діни ағым өкілі екенін анықтады.
Итті екі мәрте атқан. Сотта ер адам өз кінәсін толығымен мойындады. Сот оның айыбына өкінгенін ескеріп, қаруын тәркілеп, оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде иттерді қорлап, қатыгездік жасаған видеолар тараған. Жануарларды қорғаушылар итті азаптап қинағандарға қатысты жазаны қатайтуды талап етуде.
Нақтырақ айтатын болсақ, өз итін үйдің төртінші қабатынан лақтырып жіберген Петропавл тұрғыны жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, жақында Атырау облысының тұрғыны итті азаптап қинағаны жайлы видео тарады.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы