«Жүргізушілер заңды елемейді» - Ақтөбеде жантүршігершік жол апатына түскен адам прокуратурадан көмек сұрады

Автор: Темірхан Айжан

Оның сөзінше, такси жүргізушілері заңсыздыққа әбден бой үйреткен 

Фото: @aqtobe_sergek

Кішкентай балалармен бірге апатқа түскен Ақтөбе облысының тұрғыны көлік жүргізушілердің тасжолдағы бассыздығы туралы жазба жариялады. Оның сөзінше, Сарыжар ауылындағы заңды белінен басып, ережеге мойынсұнбайтын такси жүргізушілері мен диспетчер қызметіне қатал тексеріс жұмыстары керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы, Сарыжар ауылының тұрғынымын. 19.03.2025 жылы Ақтөбе – Орынбор тасжолының 15 шақырымына келгенде апатқа түстім. Оқиға үйге қайтып келе жатқан кезде болды. Жүргізуші ұйықтап кетіп, біз жол жиегіне ұшып кеттік. Барлық жолаушы жарақат алды, әсіресе, 2 және 5 жастағы балалар зардап шекті. Осы хат арқылы Ақтөбе облысының прокуратурасына жүгінемін: Сарыжар ауылының диспетчерлік бөліміне тексеріс жүргізілсін», - деп жазды ол.

Тұрғынның сөзінше ауылдың бүкіл дерлік такси жүргізушілері жолда жылдамдықты асырады, бір-бірін басып озып, қос тұтас сызықта маневр жасайды, жол қараудың орнына ұялы телефонына қарап отырады.

«Көп жүргізушілерге ескерту жасасаң, шырт кетіп, дөрекі жауап береді. «Ұнамаса, мінбеңіз» дегендей. Неге жүргізушілер өз қызметін дұрыс атқармайды? Жыл сайын жолақыны неге көтереді? Оларға өміріміз үшін қорқатынымызды қалай жеткіземіз?», - дейді жазба авторы.

Оның сөзінше, бұған дейін жүргізушілердің үстінен арыз-шағым жазғандардың өтініші аяқ асты болған. Оларға еш шара қолданбаған.

«Жүргізушілер жазаға ұшырамайтынын біліп, заңды елемейді. Олар жүргізуші куәлігінен де айырылмайды, жол апатынан кейін бірнеше ай өткен соң, трассада жарысуын тағы бастайды. Осындайлар адамрадың басын қауіпке тігіп жүргенде, апатты бастан өткізген біздер қалай тыныш қарап отырамыз? Ақтөбе облысының прокуратурасынан осы мәселеге назар аударып, диспетчерлік қызметтен бастап жүргізушілерге дейін тексеріс жүргізуді, барлық құжаттар мен көлік жағдайын мұқият қарап шығуды талап етемін», - деді тұрғын.