Балықшының денесі түнгі 02:30-да табылды
2 шілдеде Қостанай облысы Федоров ауданында «Три девицы» көлінде Владыкинка ауылының 1955 жылы туған тұрғыны суға батып кетті. Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлайды.
Су айдыны Владыкинка ауылынан сегіз шақырым жерде орналасқан. Куәгерлердің айтуынша, тұрғын балық уылдырық шашатын кезде құтқару құралы жоқ темір қайықпен балық аулаған.
«Оның жоғалғаны туралы хабарлама Федоров ауданының ТЖ бөліміне 2 шілдеде сағат 19:36-да келіп түсті. Оқиға орнына жергілікті құтқарушылар мен жедел-тергеу тобы шықты. Суға батып кеткен адамның денесі 3 шілдеде сағат 02:30-да табылған, оқиғаның мән-жайы анықталуда, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деп хабарланады.
25 мамырдан бастап құтқарушылар күшейтілген қызмет атқару нұсқасына көшті. Күн сайын алдын алу жұмыстары барысында олар су айдындарында, қоғамдық орындарда, тұрғын үй секторында, орман-дала алқаптарында рейдтер ұйымдастырды.