$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.06.2020, 12:23
Оқиғалар

Түркістан облысында көшеде оқ атқан күдікті қолға түсті

Күдікті жарақат алған жәбірленушіні өзі бұрыннан араздасып жүрген азаматқа ұқсатып, кек алу мақсатында оқ атқан

Түркістан облысында көшеде оқ атқан күдікті қолға түсті
фотолар: polisia.kz

Түлкібас аудандық полиция бөлімшесіне Т.Рысқұлов ауылының жедел-жәрдем диспетчерінен ауруханаға қару оғынан жараланған жергілікті тұрғын түскені жөнінде хабарлама келді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Оқиға орнына Түлкібас аудандық полиция бөлімшесі барып, жәбірленушіден жауап алған. Жәбірленушінің айтуынша, достарының үйінен шығып, көшеде келе жатқанда жанына нөмірсіз, сұр түсті «Меrcedes» маркалы көлік тоқтап, терезесінен оқ ата бастаған. Атылған оқтың бірі оның санына тиіп, жарақат алған. Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабымен (бұзақылық) тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Полицейлер осы қылмысты жасаған күдіктіні анықтау мақсатында шұғыл әрекетке кірісті. Оқиға орнын мұқият қарап, тексеріп, көрген-білгендерден жауап алып, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Тәртіп сақшылары жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктіні анықтап, 12 сағат ішінде ұстады. Ол көрші ауылдың тұрғыны, жас жігіт болып шықты», - делінген хабарламада.

Тергеуші Еркін Сәбитбектің анықтауынша, күдікті жарақат алған жәбірленушіні өзі бұрыннан араздасып жүрген азаматқа ұқсатып, кек алу мақсатында оқ атқан. Ол өз кінәсін толық мойындады. Күдіктіден тіркелмеген 16 калибрлі екі ұңғылы аңшы қаруы айғақты зат ретінде тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдікті Түлкібас аудандық полиция бөлімшесіне уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары