Итін өлтірген Петропавл тұрғыны жауапкершілікке тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өз итін 4-ші қабаттан лақтырып жіберген 

Фото: ашық дереккөзден

Өз итін өлтірген Петропавл қаласының тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ол үй жануарын 4-ші қабаттан лақтырып жіберген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлерге бұл фактіні Хименко көшесіндегі үйдің тұрғындары хабарлаған. Жағымсыз оқиға дәл сол үйде тіркелген. Тәртіп сақшылары  келгенде көпқабатты үйдің терезесінің алдында өліп жатқан итті көрген. Шұғыл түрде ветеринарлар көмекке келсе де, қатты соққы алған спаниельді құтқару мүмкін болмаған.

«Бұл факт ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабы «Жануарларға қатігездік жасау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Иттің иесі, әйелдің мас болғандығы анықталды. 1 маусымда Петропавл қаласының соты оған 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды, бұл 27 мың теңгеден асады. Үкім күшіне енген сәттен бастап бір ай ішінде айыппұл төленбеген жағдайда, айыппұл қоғамдық жұмысқа немесе қамауға алуға ауыстырылады», - дейді Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Еңбек Сембин.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО