Алматы — Екатеринбург тас жолында жанармай таситын көлік өртеніп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Жүк көлігінің цистернасында мазут болған

Ақмола облысы Жақсы кентіне жақын маңда жанармай таситын жүк көлігі өртенді, деп хабарлайды облыстық ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Көліктің 40 текше метр болатын цистернасында мазут болған екен. Санаулы минутта темір техниканың түгі қалмай жанып кетті.

«Көлік жол жиегіне аударылып, салдарынан от тұтанған. Өрттен жанармай көлігі толықтай жанып кетті. 100 шаршы метр аумаққа мазут төгілгені анықталды. Зардап шеккендер болған жоқ. Өрттің шығу себептері анықталуда», - делінген ТЖД таратқан хабарламада.

Өртті сөндіруге Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен 3 техника бірлігі сондай ақ «Жақсы Су Арнасы» ерікті өрт сөндіру құрылымы мен жергілікті полиция қызметі жұмылдырылған.