Абзал Үткіров аптадан аса уақыт жансақтау бөлімінде жатып, 1 маусымда көз жұмды
Шымкент қаласында 17 жастағы жасөспірім жаппай төбелес нәтижесінде қаза тапты. Бұл туралы Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Науқас Түркістан облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 23.05.2020 ж. түнгі сағат 01:55 -те медициналық жедел-жәрдем қызметімен ауыр халде жеткізілген болатын. Ауыр жарақат алған. Аурухана дәрігерлері жедел түрде науқасты тиісті медициналық тексеруден өткізіп, зертеулер жүргізді. Бас миына қан кеткені анықталды. Жедел түрде ота – декомпрессивті трепанациясы жасалынды. Науқасқа жансақтау бөлімінде алған жарақатына және жағдайының ауырлығына байланысты қажетті ем көрсетілді. Өкінішке қарай, 1 маусым түнгі сағат 23:45-те көз жұмды», - делінген ақпаратта.
Еске салсақ, бірнеше күн бұрын Шымкент қаласының шетіндегі Маятас шағынауданындағы жаппай төбелес кезінде жасөспірім Абзал Үткіровты кірпішпен (шлакоблок – авт.) өлімші етіп ұрып тастағаны туралы ақпарат тарады.
Қайтыс болған жігіттің ағасы Алмас Үткіров «Астана» телеарнасына берген сұхбатында бұзақылардың қатігездігі туралы айтқан.
«Құлағынан, басынан қан кетті. Саусақтарында тырнақ болған жоқ. Інімнің өзі спортпен шұғылданады. 7-8 адам жабылған. Төбелеске қатысқандардың саны одан да көп. Қазір 15 адамның ісі қаралуда», - деген А. Үткіров.
Қайтыс болған жігіт – колледжде оқып жүрген студент еді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан