Екеуі де ӨЖЖ аппаратына қосылған
Бұған дейін Алматыда кәріз құдығына түскен екі адам өлім аузынан қалғаны жайлы хабарлағанбыз. Екеуі де өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Оқиға бүгін түскі сағат 12:30 кезінде болған. 25 жастағы Нұржан Қалыбай мен 42 жастағы Асқар Қайназаров есімді азаматтарды кәріз құдығында ес-түссіз жатқан жерлерінен жолай өтіп бара жатқан тұрғындар шығарып алған. «Алматы су» МКК-да істейтін қос қызметкер шұғыл түрде қалалық №7 клиникалық аурухананаға жеткізілді. Кәріз құбырына жиналып қалған газдан уланған екі жігітке клиникалық-диагностикалық іс-шаралар жасалса да, екеуі де әлі есін жимаған.
«Біреуіне кеңірдек интубациясы жүргізілді. Оларды реаниматолог, травматолог және нейрохирургтар тексеріп, қарады. Барлық клиникалық диагностикалық шаралар жүргізілді. Зардап шеккендердің екеуі де ӨЖЖ аппаратына қосылды. Зардап шеккен екеуіне «Ауыр дәрежелі күкіртсутекпен ингаляциялық улану, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, уытты энцефалопатия» диагнозы қойылды. Екеуінің жағдайы өте ауыр деп бағалануда», - деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Набира Эсенова.
«Алматы су» МКК өкілдері жұмысшыларының құдыққа қателесіп түсіп кеткенін айтты. Олар – Наурызбай ауданы бойынша судың есептегіш құралын тексеретін бақылаушылар.