Тимуржан Нұрымбетов – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың туған бауыры
Тимуржан Нұрымбетов Жамбыл облысы Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі Tengrinews.kz жолдаған ресми сауалға берген жауабында айтқан.
Ведомство мәліметінше, облыс әкімінің бұйрығымен Нұрымбетов басқарма басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Ол бұл қызметке 2019 жылдың 18 ақпанында келген еді.
«Тимуржан Нұрымбетов өзін сауатты және білікті маман, мықты басшы ретінде көрсетті. Ашық, еңбекқор адам. Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы қызметінде ешқандай тәртіптік жазаға тартылған жоқ», - делінген Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Алмас Мәдиевтің жауабында.
24 сәуірде Нұрымбетовтің орнына уақытша қызметке Жорабек Баубеков келді.
Оқи отырыңыз: Қазақстан билігіндегі ағалы-інілі шенділер
Еске сала кетейік, 14 сәуірде «Время» басылымы Тимуржан Нұрымбетов 9 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Аталған хабарламада бұрынғы басқарма басшысы 2019 жылдың 26 желтоқсанында Антикоррупция қызметінің күдігіне ілінгені айтылған.
11 мамырда Бас прокуратура Тараз қаласының мамандандырылған тергеу соты Нұрымбетовке қатысты бұлтарпау шарасы ретінде үй қамауына алу туралы өтінішті қанағаттандырылғанын хабарлады.