Қырғыздар мен өзбектер арасында жаппай қақтығыс болды

Автор: Azattyq Rýhy

Екі ауылдың тұрғындары бұлақ суына таласқан

31 мамыр күні Қырғызстан мен Өзбекстанның шекарасында екі этнос өкілдерінің арасында жаппай қақтығыс болды деп жазады АКИpress. Чечме ауылы (Қырғызстан) мен Чашма ауылының (Өзбекстан) ондаған тұрғыны бірін-біріне тас атып, үйлерін өртеген.

Қақтығыс бұлақты тазалау кезінде басталған. Екі ауылдың тұрғындары Чечме ауылындағы су арнасын тазалап жатып, оның кімге тиесілі екенін анықтай бастаған. Таластың соңы ерегіске, кейін төбелеске ұласты.

Оқиға орнына екі тараптың да билік өкілдері келіп, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп көрмек болды. Алайда, мұнысынан түк шыққан жоқ. Тұрғындар бірін-біріне тас атуын жалғастыра берді. Ауыр жараланғандар да бар.

Қырғызстан вице-премьері шекарада қырғыздар мен өзбектер арасында қақтығыс болғанын растады. Оқиға салдарынан жүздеген адам түрлі деңгеде жарақат алған. Бірнеше үйдің өртенгенін видеотүсірілімнен байқауға болады. Қырғыз тарапы ауруханаға 15 адамның жеткізілгенін айтса, Өзбекстаннан 146 адам жараланған.