Маңғыстау түрмесіндегі бүлдіршінге полиция қызметкерлері сыйлық жасады
Үш жасқа толмаған Анисаның анасы жуырда сотталған
1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінің қарсаңында уақытша қамау изоляторының қызметкерлері анасымен бірге Маңғыстаудағы изоляторлардың біріне түскен кішкентай Анисаға сыйлық жасады.
Бұл оқиға туралы хабарлаған Polisia.kz сайтының жазуынша, оның анасы жуырда сотталған. Анасы түрмеден шыққанша, Анисаны әжесі тәрбиелейді.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, баласы үш жасқа толмаған жас аналар тергеу изоляторында баласымен бірге жата алады. Ал, халықаралық балалар күніне орай Маңғыстау облысы қылмыстық атқару жүйесінің уақытша тергеу изоляторының қызметкерлері Аниса есімді балаға жаңа ойыншық сыйлады. Оның анасы жуырда сотталған, енді баланы әжесі алып кетеді. Ал, анасы жазасын өтеу үшін әйелдерге арналған колонияға қамалады», - деп хабарлайды Маңғыстау облысы Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Өңірдегі тергеу изоляторының мамандары баласымен бірге уақытша қамауға түсетін жас аналар көбейген дейді. Тіпті, кейде, жүкті әйелдер де уақытша қамау изоляторына түсіп жатады. Ондай жағдайда, әйелдің толғағы келгенде, ол перзентханаға босатылады. Алайда, босанып келген соң, жаңа туған сәбиін алып, тергеу изоляторына оралуға мәжбүр.
Қазақстан Республикасындағы заң жас аналарды қамауда да баласынан ажыратпауға рұқсат береді, сондықтан, босанып келген әйел мен сәби үшін қамау изоляторында басқаша жағдай жасалады. Баланы дәрігерлер тексеріп, анасымен серуендеуіне рұқсат. Сондай-ақ, қамауда отырған анасы баласына қажетті құжаттардың барлығын еркін рәсімдей алады.