Автоцистерна жарылысынан бір адам қайтыс болып, екіншісі жараланған. Зардап шеккен павлодарлық тұрғын қазір орташа деңгейдегі жарақатпен ауруханада жатыр деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Мәлім болғандай жарылыс кезінде ер адамның бірнеше сүйегі сынған, оны ота жасауға дайындап жатыр.
Куәгерлердің айтуынша, оқиғаның жұмыс соңында болғаны көп қауіп-қатердің алдын алған. Әйтпесе зардап шегушілердің қатары одан да көп болушы еді.
«Жұмыс уақыты бітер уақытта киімімді ауыстыруға шықпақшы болғанмын. Тек қатты дауыс құлағымды бітеп қалды. Сыртқы есіктің маған қарай ұшып келе жатқанын көруге үлгердім. Егер алдымда үстел болмағанда менің де жағдайым ауыр болар еді», - дейді оқиға куәгері Андрей Савиных.
Тергеушілер осы оқиға бойынша соталды тергеу жұмыстарын бастады. Қайтыс болған кісі мен зардап шегуші 30 тонналық дизель отынын таситын көліктің жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан. Көліктегі дизель қалдықтары дұрыс тазаланбағандықтан, «болгаркадан» шыққан ұшқын өрттің тұтануына себеп болуы мүмкін. Жарылыс екпіні жөндеу боксының есіктерін ұшырып, 200 шаршы метр ғимараттың шатыры ортасына түскен. 42 жастағы қызметкер қатты жарылыстан далаға ұшып кетті. Ал серігі үйінділердің астында қалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген.
«Емделушіні ауыр жағдайда біздің емханаға жедел-жәрдем алып келді. Шокқа қарсы шараларды қолдандық. Қазір ер азаматтың жағдайы тұрақталды. Енді оған емдік шараларды жалғастырып, ота жасауға дайындап жатырмыз», - деді дәрігерлер.