Шахтада кен өндіру жұмысы тоқтаған
Ақтөбе облысында «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатында жарылыс болып, төрт адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«28 ақпанда «Қазхром ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинатында сутегі тарап, салдарынан термиялық күйікпен 4 адам ауруханаға жеткізілді. Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша полиция қылмыстық істі тіркеді», - деп мәлімдеді Ақтөбе облысының әкімдігі.
Бұл ақпаратты Дөң тау-кен байыту комбинаты да растаған.
«Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасының кен өндіру блогында бұрғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ауа кеңістігінің қысқа мерзімді тұтануы болды. Салдарынан төрт адамды күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Зардап шеккен барлық адамға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Инциденттің себептері анықталып, жою жұмыстары аяқталғанша шахтадағы кен өндіру жұмыстары тоқтатылды», - делінген хабарламада.