Қытайда өткен Азия ойындары: қазақстандық спортшыларға бюджеттен қанша көлемде қаражат жұмсалды
Харбин қаласына 137 спортшы, 51 жаттықтырушы, 4 дәрігер және 5 массажист барған

Қазақстан Қытайдың Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында 34 елдің ішінен 4-орынға ие болып, 137 спортшының 85-і медаль иеленді. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі іс-сапар шығындары туралы Azattyq Rýhy-ның ресми сауалына жауап берді.
«137 спортшыдан, 51 жаттықтырушыдан, сол сияқты 4 дәрігерден, 5 массаж маманынан тұратын Қазақстанның спорттық делегациясы IX қысқы Азия ойындарына қатысты. Іс-сапар шығындарына 225 948 080 теңге қаражат бөлінді, оның ішінде әуе саяхаты 172 547 000 теңгені, ал тұру 53 401 080 теңгені құрады», - деп ведомство ресми сауалға жауап берді.
Бұдан өзге, Қазақстанның қоржынына медаль салған спортшыларға берілетін сыйақы бар. Заңнамаға сай, алтын жүлдегерге – 10 мың доллар, ал жаттықтырушыға 5 мың доллар, күміс жүлдегерге - 5 мың доллар, жаттықтырушыға 3 мың доллар, қола жүлдегерге - 3 мың доллар, жаттықтырушыға 2 мың доллар көлемінде ақшалай сыйлық беріледі.
Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медаль жеңіп алды.
Алтын жүлдеге ие болғандар: биатлоншы Владислав Киреев және фристайл-акробатикадан синхронды секіру, шорт-тректен және хоккейден ерлер құрамасы;
Күміс жүлдені иелегендер: биатлоншы Вадим Куралес, шаңғыдан Константин Борцов пен әйелдер құрамасы, конькимен жүгіруден Евгений Кошкин, шорт-тректен әйелдер және аралас құрама және шайбалы хоккейден әйелдер құрамасы, эстафетада ерлер құрамасы, фристайл-акробатикадан аралас құрама.
Ал қола жүлдегер атанғандар: мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров, шаңғышы Олжас Климин, фристайл-акробатикадан Аяна Жолдас пен әйелдер құрамасы, шаңғыдан ерлер құрамасы, конькимен жүгіруден және биатлоннан әйелдер құрамасы.
Айта кетсек, Қытай спортшылары 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль алса, Оңтүстік Корея құрамасы 16 алтын, 15 күміс, 14 қоланы иеленді. Үшінші орынға жайғасқан Жапония спортшылары 10 алтын, 12 күміс, 15 қола медальді қанжылады.