Маңғыстауда компьютер залының атын жамылып, құмар ойын өткізген азаматтар 8 жылға сотталды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Олардың заңсыз тапқан ақшасы 77 млн теңгеден асқан

Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігі 2022-2023 жылдар аралығында Маңғыстау облысында компьютер залының атын жамылып, жасырын құмар ойын өткізген қылмыстық топтың заңсыз бизнесін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚМА-ның Маңғыстау облысындағы департаменті қылмыстық топтың схемасын былай түсіндіріп отыр: олар компьютер залы ретінде жұмыс істеп, құмар ойын ұйымдастырған, адамдардың ставкасын банк аударымдары арқылы қабылдап, оларға сілтеме арқылы логин мен пароль берген.

«Осылайша, қылмыстық топ жалпы 77 млн теңгеден артық заңсыз пайда тапқан. Қаржылық тергеу барысында күдіктілер бұл қаражатқа 36 млн теңгеге екі автокөлік – «Toyota Land Cruiser» және «Mersedes-Benz 320» сатып алғаны анықталды. Сот үкімімен олар ҚР ҚК 307-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (заңсыз құмар ойын бизнесін ұйымдастыру) және 262-бабы 1-бөлігі, 2-бөлігі (ұйымдасқан қылмыстық топ құру, басқару және оларға қатысу) бойынша кінәлі деп танылып, 5-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлайды ҚМА.