Түркістан облысында интернат қызметкерлері мүгедек балаларды ұрып-соққан

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар балалардың бұзылып кеткен азық-түлікпен тамақтандырылғаны белгілі болды

Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысындағы мүгедек балаларға арналған интернатта арнайы тексеріс кезінде балаларды ұру фактісі дәлелденді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

«Балалар орталықтағы төрт қызметкердің оларды ұрып-соққанын айтқан. Дегенмен, орталық директоры мен оның орынбасары, тәрбиешілер балаларға құлақ аспаған және тиісті шаралар қабылдамаған. Тексеріс кезінде төрт адамның үшеуі өз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Қазіргі таңда бұл іспен Төлеби ауданының полиция басқармасы айналысып жатыр», - деп жазылған тексеріс нәтижесі туралы анықтамада. 

Сонымен қатар онда мекеме басшылығының балаларды бұзылған азық-түлікпен тамақтандырғаны, балалардың денесін жылытқыш құрылғыларға күйдіру фактілері болғаны айтылған.

«Қылмыстық іс жүріп жатыр. Егер кінәсі дәлелденсе, медқызметкер мен педагогтер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Комиссия мүшелері мекеменің әкімшілігін түгелдей ауыстыруды талап етті», - делінген телеарна сюжетінде.