Асқар Нәсенов бұған дейін мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген
27 мамырда Алматы қаласының Алматы аудандық сотының үкімімен «Транстелеком» АҚ бұрынғы президенті Асқар Нәсенов 4 жылға түрмеге жабылды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сонымен бірге, Нәсенов 3 жылға материалдық-жауапты лауазым атқару құқығынан айырылды.
«Осыған дейін А. Б. Нәсенов «КТ&Т» ЖШС-мен заңсыз консорциалдық келісім жасау арқылы мемлекет қаражатын жымқырды және 2,1 млрд теңге сомасында қаражатты төледі деп күдікке ілінген болатын», - делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2013 жылы Нәсеновке қоластындағылармен бірге телекоммуникациялық және спутниктік құрылғыларды жалға алу бойынша заңсыз келісімшарт жасады деген күдікпен іздеу жариялаған.
Асқар Насенов – 90-жылдардағы белгілі қылмыс әлемінің серкесі, «Рыжий Алмаз» деген лақап есіммен атағы шыққан Несіпбай Нәсеновтің туған інісі. Семей қаласында өмірге келген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан