Браконьерлер келтірген шығын мөлшері - 85,6 миллион теңге
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі 31 наурыздан бастап Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне қарасты шекара қызметімен бірігіп, Каспий теңізінде браконьерлік іс-әрекеттің жолын кесу мақсатында шаралар жүргізген. Нәтижесінде, 98 құқық бұзушы ұсталды.
«Оның ішінде 14 адам мемлекеттік шекараны, 71 адам аумақтық және ішкі су (теңіз) режимін бұзғаны анықталды. Олардан 65 жүзу құралы, 42 қозғалтқыш, 4 көлік құралы, 236 шақырымға созылған ау, ілмегі бар арқан, 66 тұзақ, 55 мың ілгек және тағы басқа заттар тәркіленді», - делінген хабарламада.
ҰҚК хабарлауынша, 763 дана немесе 3,8 мың келі бекіре, 4947 дана немесе 2,5 мың келі ұсақ балық, 43 итбалықтың заңсыз ауланғаны анықталды. Браконьерлер келтірген шығын мөлшері - 85,6 миллион теңге. Мамандар 1 миллиард теңгеге бағаланған экологиялық залалға жол берген жоқ.
Тәркіленген балықтар қайта теңізге жіберілген.
«3 824 балық (оның 695-і бекіре балығы) және 43 итбалық қайта теңізге жіберілді. Браконьерлерге 1,88 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды», - деді ол.